Міндетті мектеп формасы – заңды талап

 

Мектеп формасы мен оған қатысты көзқарас сан алуан. Біреулер мектеп формасын тәртіпке баулудың мүмкіндігі десе, енді біреулер ерікті тұлғаға ерте жастан жасалған қысым деп санайды.

 

Ең алдымен, мектеп формасының бірыңғай үлгісінің болуының маңыздылығына тоқталып өтейік. Бұның  бірнеше себептері бар.

 

Қазақстан – әлем мойындаған зайырлы мемлекет. Ал мектеп - мемлекеттік мекеме. Осыған орай кез-келген азамат мемлекеттің заңына бағынады. Мемлекет әр азаматтың тегін білім алуына мүмкіндік жасай отырып, оның жан-жақты дамуын қолдайды. Сонымен қатар мектеп қабырғасында білім алатын әр оқушы тең құқылы.

 

Екіншіден, әр отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген дұрыс. Ата-аналар балаларын табыстарына қарай (қымбат немесе арзан) киіндіреді.Осы кезде ата-ана, оқушылар арасында психологиялық, әлеуметтік әртүрлі кедергілер туындайтынын жоққа шығара алмаймыз.

 

Үшінші – қоғамдағы діни ахуал. Мысалы, мектептерде мұсылман орамалымен, христиан өздерінің діни киімімен, яхуди өздерінің ритуалдық киімдерімен сабаққа келсе, бұл жерде конституциялық бірегейлікке де, конфессияаралық төзімділікке де  қайшы жағдайлар туындауы мүмкін.

 

Сондықтан да, мектептің мемлекеттік мекеме екенін ескере, ең бастысы мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымы болған зайырлылық талаптарына сай,  мектеп оқушылары бірыңғай формада киініп жүрулері талап етіледі.

 

Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша мемлекетіміздің  заңдары мен өзге де нормативтік құжаттарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.

 

Мектеп формасының да өзіндік әлеуметтік-тұлғалық ақаратын қызметі, өзіндік жауапкершілігі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен айтсақ, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көшеде жүрсе, кез келген полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар. Үшіншіден, бірыңғай форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді.

 

Көпшіліктің пікірінше бірыңғай мектеп формасының болуы талап етілуі тиіс. Өйткені оның да беретін тәрбиелік мәні зор. Бірыңғайлық балалардың бір-бірімен тең болуына, өзін оқушы сезінуіне, тиянақтылыққа, жауапкершілік қасиеттерге баулиды.

 

Мұнымен қатар, классикалық үлгідегі киімдер психологиялық деңгейде тәртіпке шақырып, үлкен өмірге дайындайды. Бұл мектеп формасының жақсы жағы десекте болады. Жастардың еліктеуге бейімдігін, бірінен бірінің қалғысы келмеуге тырысатындығын ескерсек, олардың мектеп ережесіне бағынуына мүмкіндік беретінде осы форманың бірыңғай үлгіде болуы. Ал мектеп формасы өз кезегінде жастарды еліктеушілік фанатизмнен сақтандырады сонымен қатар отбасылық бюджетті үнемдейді.

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым миистрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен, білім беру мекемелерінің Жарғысымен белгіленген міндетті  мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, сондай-ақ білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндеттелінді.

 

Конституция ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да дәл осы салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып «Білім туралы заң» да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.

 

Демек, Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді. Әр азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте сақтағаны дұрыс.

 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Білім басқармасы Бірыңғай мектеп формасын енгізу бойынша білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың орындалысы бойынша оқушылармен, олардың ата-аналарымен жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асырды.

 

Ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-ана мен мектеп әкімшілігі арасында келісімшарттар жасалды.

 

Ағымдағы оқу жылынан бастап облыста бірыңғай мектеп оқушылар формасына конкурс жарияланып, барлық мектептерге бір үлгідегі мектеп формасы енгізілді.

 

Барлық   білім    беру   ұйымдарында    мобильдік   топтар  құрылып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының  орындалысына мониторинг жасалып, қосымша түсінік жұмыстары жүруде.

 

Ата-аналар мен оқушылар арасында ақпараттық түсіндіру  және  түрлі форматтығы жұмыстар  өзінің жүйелі жалғасын табуда.

 

Атырау газеті,  №92 саны. 2018 жыл

 

 

.

 


"Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 4 сәуірдегі № 248 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 сәуірде № 13576 болып тіркелді

 

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мазмұндарын сәйкестендіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2016 жылғы 16 ақпанда № 13085 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 26 ақпанда жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда:
      13-тармақ мынадай мәтінде жазылсын: 
      «13. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.»;
      24-тармақ мынадай мәтінде жазылсын: 
      «24. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады.». 
      2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды; 
      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым Министрі                  Е. Сағадиев

 

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 ақпанда № 13085 болып тіркелді.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілсін.
  2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н.Иманғалиевке жүктелсін.
  2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы

 

Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

 

Білім мен ғылым министрінің

 

2016 жылғы 14 қаңтардағы

 

№ 26 бұйрығымен бекітілген

 

 

Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер

  1. Осы орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасынасәйкес білім алушыларды сапалы мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

      Жоғарыда аталған Талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған.

  1. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғым қолданылады:

      орта білім беру ұйымы – бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын оқу орны.

  1. Талаптардың мақсаты – міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының бірыңғай келісімін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына жағымды қатынасын қалыптастыру, оқытудың зайырлы сипатын сақтауда оқу орны басшыларының және қоғамдық кеңестердің (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) жауапкершілігін арттыру.
  2. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орта білім беру ұйымдарының фойесінде, ал таныстыру мақсатында орта білім беру ұйымдарының Интернет-ресурстарында жарияланады.
  3. Орта білім беру ұйымдарындағыміндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
  4. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
  5. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
  6. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
  7. Ұлдардың мектеп формасы:

      пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  1. Қыздардың мектеп формасы:

      пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  1. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.
  2. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
  3. Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.
  4. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.
  2. Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.
  3. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.
  4. Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылады.
  5. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.
  6. Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
  7. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады.
  8. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.
  9. Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау
  10. Орта білім беру ұйымының басшысы (бұдан әрі – Басшы) және қоғамдық кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) міндетті мектеп формасын енгізу кезінде осы Талаптарды басшылыққа алады.
  11. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып алады.
  12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Басшы ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін мектеп формасының бекітілуін қамтамасыз етеді.
  2. Басшы білім алушылардың мектеп формасын сақтауы мәселесін қоғамдық кеңестің талқылауына шығарады.
  3. Басшы осы Талаптармен ата-аналарды немесе заңды өкілдерді білім алушыны білім беру ұйымына қабылдау туралы өтініш (еркін нысанда) беру кезінде қол қойғызу арқылы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында таныстырады.

Мектеп формасын бекіту туралы(.pdf)